Сондықтан да Ұлытау ауданының мемлекеттік архивінің қызметкерлері Ұлы Отан соғысы жылдарының тыныс-тіршілігінің бір көрінісі болып табылатын жауынгер хаттарын жинады.
Архивистер майданнан жолданған жауынгер хаттарын қаттап, ой толғап, хатты жазған азамат туралы қысқаша деректер келтіре отырып, майдангер келбетін сомдауға ұмтылғанын құжат материалдарынан анық байқайсыз. Сондықтан да, хат жеңіл оқылады, жүрек тербейді.​ ​ ​ ​
Ұлы Отан соғысына қатысқан Ұлытау ауданы, Үлгілі колхозының​ тұрғыны, майданда қаза тапқан жерлесіміз Құлжанов Жүніс Төленұлының ерлігіне айғақ болатын құжат, майданнан жазылған бірнеше хаттары Ұлытау ауданының мемлекеттік архивінде сақтаулы. Туған- туыстары мен жора-жолдастарына​ жазған хаттарында Отан-анаға деген жүрек лүпілі, сағынышқа толы көңіл-күйі айқын сезіледі. Ұлытаулық Жүніс Құлжановтың осыдан 77 жыл бұрын майданда жүріп жазған хаттары​ көпшілік назарына ұсынылып отыр. Хаттардың қағазы сарғайсада, сиясы сол қалпында сақталуы бір ғажап. Әрине соғыстан жеткен бұлардың әр сөзі жылдар жылжыған сайын тіпті қымбат та қастерлі.